ҚР, Шалқар қ, Маншук Мамедова к., 24.
8 (71335) 2-14-48, 2-42-97
salauat1@rambler.ru

Мектеп туралы

№1 орта мектеп – Шалқардағы білімнің қара шаңырағы. Мектептің негізі алғаш рет 1918 жылы Шалқар стансасында бастауыш сауаттану мектебі болып ашылды. Алғашқы мұғалімі — Дүйсекен Әзірмәмбетов.

1924 жылы бастауыш кластың негізі қаланды да, оның меңгерушісі болып Мейірхан Орынбасаров тағайындалды.

1926 жылы мектеп бастауыштан жетіжылдыққа айналып, 1935 жылға дейін «Шаруа- жастар мектебі» деген атпен жұмыс істеп келеді.

1936 жылы мектеп аудандағы жалғыз орта мектепке айналып, 1938-39 оқу жылында бірінші түлектер 10-класты бітірді.  Оқытушы Хайрулла Бектенғалиев «Еңбектегі үздігі үшін» медалімен марапатталды.

Алғаш ашылғанда прокуратура орнында болған мектеп Есет Көтібарұлы көшесі кейін      аудандық емхана орналасқан үйге ауысты. Мектептің сырты ақ түспен әктелгендіктен 1939-1940 жылдан бастап «Ақ школ» деп атанды.

1972-1973 оқу жылында мектеп  еліміздің экономикасы мен халықтың әл-ауқатының артуына, оқушылар санының көбеюі, сапалы білім беру қажеттігіне байланысты қазіргі мекені –М. Маметова көшесінде орналасқан үш қабатты еңселі , биік ғимаратқа көшті. Мектептің атауы өзгеріп, №1 қазақ орта мектебі деп атала бастады.

Ұлы Отан соғысы басталғанда орта мектептегі ұстаздардың бірсыпырасы майданға аттанды. Олар: Әбдірахман Күзеуов, Пана Оралбаев, Әбілез Омаров, Ыбырай Күзеуов, Рашид Ғалиев.

Мектептің өркендеуіне үлес қосқан ұстаздар үкімет тарапынан ескерусіз қалған жоқ.

1924 жылдан басшылық еткен Орынбасаров Мейірхан,  Тереков Медіресін, Амантаева Жамал, Қиынбаев Аяған, Елеуов Сәбитбек, Жолаев Мәулен, Бектенғалиев Хайролла, Асқаров Сыраш,Тереков Емберген, Оралбаев Пана, Бекбергенова Әсия, Есжанов Сапа, Мырзағұлов Кеңес, Боқаев Әмірхан,Тілеубергенов Өксікбай,Шолақов Әбдірахман,Байсанов Әбдуәли,Шүйтенов Жексенбай, Қалағанова Ақық, Қыдыров Дәулетжан, Сүйіндіков Әбдіғали, Малайдарова Марта, Шаншаров Саясат, Исаев Қорғанбек, Қонақбаев Амангелді, Тілеш Қайрат, Сейтмағанбетова Жанар сынды мектеп басшылары қара шаңырақтың келбетін сомдаған  ел азаматтары.

Қазіргі таңда басшылық етіп жатқан Оңғаров Мұхтар Досбергенұлының да мектептің көркеюіне қосқан үлесі зор.

2020 жылы мектепішілік «Жас Ұлан» бірыңғай республикалық балалар мен жасөспірімдер ұйымы республикалық «Жас Ұлан – Жас Қыран» конкурсында алғыс хат пен кубокқа ие болды.

2021 жылы «Үздік педагог» І халықаралық педагогикалық-шығармашылық байқауында ұстаздарымыз жүлделі орындарды иеленіп, нәтижесінде мектепке кубок табыс етілді. Сонымен қатар облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» грантымен марапатталды.

Ұстаздардан «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» атағын Орынбасаров Мейірхан 1945ж, Боташева Ұлдай 1964ж, Тілеубергенов Өксікбай 1966ж, Зинурова Ғалия 1978ж, Мұратова Балзия 1980ж алды.

«Ленин» орденді Ақық Қалағанова, «Еңбек Қызыл Ту» орденін Бижамал Жақсымбетова, «Құрмет белгісі» орденді Орман Дайрабаев пен Карима Байтоғаева т.б. ұстаздар оқушыларға сапалы білім  мен саналы тәрбие беруде аянбай еңбек еткені үшін иеленді.

90-жылдардың ортасынан бастап Марта Малайдарова мектепті білім берудің Марал Маденқызы Жанпейісованың модульды оқыту технологиялық әдістеріне көшірді, оқу-тәрбие жұмысы ғылыми-шығармашылық бағытқа жұмылдырылды. Мұғалімдер мен оқушылар пәндік олимпиадаларға, түрлі сайыстарға, ғылыми жоба қорғау шараларына қатысып, үнемі жоғары корсеткіштер көрсетіп отырды.

К.Мұрсалова, Р.Ізбаева,Т. Тұрғанбаева модульдік технологиямен оқытудың сертификатын алды. Айнұр Тоғымбаева 1998 ж «Астана» медалін алды. «Білім беру ісінің үздігі» С. Аяуова аудан бойынша «Жыл адамы- 2004» атағына ие болды. 1999 жылы мектептің 75 жылдығы республика көлемінде аталды.   

2004-2015 ж. аралығында бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ дайындау мақсатында мектеп 12 жылдық білім жүйесіне көшудің сынақ алаңына енгізілді.

Қазіргі мектепте екі мультимедиялық кабинет, замана үлгісімен жабдықталған физика және биология кабинеті, 2 интерактивтік тақта, компьютер үйрету орталығы мен «Өлкетану» мұражайы жабдықталған. Шәкірттерге спортпен айналысуға «Салауат» мұз айдыны ашылды.

ХХІ ғасыр технология ғасыры болса, мектептегі ұстаздар коллективі аянбай талапқа сәйкес білім, ғылым жүйесінде еңбек етіп жатыр. Р. Оразалина, С. Аяуова, Д.Төлебаева, К. Мурсалова «Білім беру ісінің үздігі» болса, қаншама ұстаз «Жыл мұғалімі», «Жыл сынып жетекшісі» атағын алды.

Осынау қара шаңырақтан білім алып, республика, қала берді күллі әлемге атағы жайылған кешегі мектеп түлектері, бүгінгі біртуар тұлғаға айналған қайраткерлеріміз жетерлік. Сөз маржанын кестелеген КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі Бек Сүлейменов, КСРО Архитектура Академиясының корреспондент мүшесі алғашқы қазақ сәулетшісі Төлеу Бәсенов, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі физика- математика ғылымдарының докторы, профессор Дәулет Үмбетжанов, Медицина Ғылымдары Академиясының корреспондент мүшесі, Ресей және Дүниежүзілік нейрохирургтер ассоциацияларының мүшесі Серік Ақшолақов т.б.

Шығармашыл оқушылар аудандық, облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегерлері. Айтыскер ақындар Аян Сейітов, Қайнар Алагөзов, Сражадинова Қарлығаш, Қуандықова Б., Мажкен А., өнерлі жастар Ерболат Төлегенов, Нұрхан Кәдірбаев, Әліби Кәдірбаев секілді түлектер — мектеп мақтаныштары.

2014 жылы мектебіміз «№1 мектеп — гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі статусына ие болды. 2019 жылы мектептің 95 жылдығы республика көлемінде аталып өтіп, мектеп энциклопедиясы жарық көрді.

Білімді ұрпаққа сапалы білім беру — ұстаздар қауымынан ізденіс пен біліктілікті талап етеді. Біз ұжым ретінде осындай қажетті және қастерлі іске өз үлесімізді қоса беретініміз айқын.

Оңғаров Мұхтар Досбергенұлы – мектеп директоры

Аманжолова Гүлназ Жеңсікбайқызы — оқу ісі жөніндегі орынбасар

Тасқожина Жанат Сәндібайқызы – бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасар

Төлмағанбет Саягүл Майданқызы – тәрбие ісі жөніндегі орынбасар

Талмұрзаев Асылан Жаңабайұлытәрбие ісі жөніндегі орынбасар